Кеше Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінде «Жас маман» жобасы аясындағы құзыреттілік орталығы ашылды.
Салтанатты рәсімге қала әкімі Ораз Тәуірбеков, қалалық мәслихат хатшысы Қадыржан Тейлянов, Балқаш теміржол станциясының басшысы Аманжол Омаров, қалалық мәслихаттың депутаттары, колледждің ардагерлері, әлеуметтік әріптестері мен педагогикалық ұжымы, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қадірлі оқырман! Өзіңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының салтанатты ашылуында «Жас маман» жобасын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.
Жобаның мақсаты – оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жабдықтау, халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстарын жүргізу, сол арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.
Осы мүддені көздеген Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі басшылығы мен оқытушылар құрамы заманауи талаптарға жіті мән береді және үнемі ізденіс үстінде. Колледж «Жас маман» республикалық жобасының аясында үздіктер қатарына еніп, «Вагондарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандарын әзірлеуде көш бастады. Нәтижесінде, оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, халықаралық стандарттарға сай өндірістік жабдықтармен толықты. Колледждегі осынау ілкімді істер, әрине, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашқан.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы және Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінің ашылғанына 80 жыл толып отыр. Құзыреттілік орталығының ашылуы – мерейлі жылдағы ерекше жаңалықтың бірі.
Мемлекет басшының тапсырмасымен білім беру саласына үнемі қамқорлық көрсетіледі. Оқу орындарына қойылатын талап та күшейген. Мұның барлығы бәсекеге қабілетті маман даярлау арқылы елімізді гүлдендіруге негіз болары сөзсіз. Себебі, біз білімді, өз ісінің білгірі саналған мамандардың көмегімен дамыған елдердің қатарын толықтырамыз, – дейді колледж директоры Ержан Смағұлов.
Ашылу рәсіміне қатысушылар құзыреттілік орталығының жұмысымен танысты. Оқытушылар және студенттер жаңа жабдықтарды жұмыс барысында пайдалану жолдарын көрсетті. Қарапайым тілмен айтсақ, вагон дөңгелегін, тағы басқа бөлшектерін ауыстыру, жөндеу, пойыздардың қозғалысын бақылау, басқару сияқты жұмыстарды құзыреттілік оралығындағы жабдықтар арқылы іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Яғни, болашақ маманның теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына барлық жағдай жасалған.
Осы тұста колледж ұжымы жобаның жүзеге асуына әдістемелік қолдау көрсеткен әлеуметтік әріптестеріне ризашылығын білдіруде. «Балқаш теміржол станциясының басшысы, Құрметті теміржолшы Аманжол Омаров, Балқаш вагон жөндеу депосының директоры Ерлан Тәжікеев, Балқаш вагондарды пайдалану депосының басшысы Жанболат Сембин, Балқаш вагондарды пайдалану депосының бас инженері Асхат Бакашев, «Tranco Balkhash» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға шебері Артём Неровня, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлмира Ағдарбекова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Балқаш қалалық филиалының басшысы Александр Аларин құзыреттілік орталығын ашу барысындағы жұмыстарымызға қолдау көрсетті. Алғысымыз шексіз», – дейді колледж оқытушылары.
Бүгінде теміржол саласында еңбек етіп жүрген мамандардың біліктілігін қайта арттыру қажеттілігі туындай қалса да, аталмыш құзыреттілік орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.
Сәйкесінше, теміржол станциясының басшылығы Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжімен өзара тығыз байланыс орнағанын алға тартты.
– Қазіргі уақытта Балқаш теміржол станциясы мамандарының шамамен 30%-ын осы колледждің түлектері құрайды. Олар мамандықтарына сәйкес түрлі қызметтерді абыроймен атқарып келеді, – дейді Аманжол Омаров.
Колледждің студенттері де өздері білім алып жүрген оқу ордасында құзыреттілік орталығының ашылғанына дән риза. Мәселен, колледждің 3-курс студенті, мемлекеттік грант есебінен білім алушы Қымбат Ермекова өз ойымен бөлісті.
– Іргелі білім ордасында білім қуған жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Құзыреттілік орталығының ашылуы ойымызды қуаттайды. Мақсатым – білікті маман болып, елге қызмет қылу, – дейді теміржол саласының болашақ маманы.
Комментарии