Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, күллі түркі жұртының шоқтығы биік қаламгері Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай оқытушы Жахметова Балжан Көшкімбайқызы мен «Бастауыш білім беру» мамандығы 3 курс студенттерінің бастамасымен 27 қазан күні «Алаштың сөнбес жұлдызы Мағжан» тақырыбында ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.
Мақсаты:
- Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен шығармашылығын таныту арқылы оның ақындық тұлғасы мен философиялық ойларынан нәр алу; танымдық деңгейін көтеру;
- Студенттерді өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой — өрісін, рухани жан дүниесін байытып, сөйлеу машықтарын жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
- Студенттерді елжандылыққа, адамгершілікке, тілімізді құрметтеуге, әдебиетті сүюге, сұлулыққа құштар болуға тәрбиелеу.
Рухани іс –шарада «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырған көрнекті қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығынан көптеген мағлұматтар айтылды.
Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерекше жан. Мағжан өзі үшін емес, Алаш жұрты үшін ұлт жолында жанын қиды. Бірақ, еткен еңбек, қылған қызмет және ең бастысы – Сөз қалды. Ол – сан қырлы тұлға: Мағжан – педагог, Мағжан – ақын, Мағжан – қайраткер, Мағжан – аудармашы. Мағжанның әдеби мұрасында сыршылдық та, лиризм де, сонымен қатар өршіл рух, қайсарлық бар.
Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе. Сол себепті оның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу керек. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақынның мол әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз. Оның өміршең өлеңдері халықпен бірге жасай береді,
Ұрпаққа үлгі берер Алаш мұрасы әрқашанда ұлттық санамыздан өшпесін деп тілейік!
Оқытушы: Жахметова Балжан Көшкімбайқызы
Комментарии