Биылғы жылы заңғар жазушымыз М.Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай Семейдегі мұғалімдер семинарында ( қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) республикалық деңгейде 6 бағыттан тұратын «Әуезов әлемі » атты фестиваль өткізді . Жүлделі орын алған қатысушыларды Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған киелі топыраққа экскурсияға апаруды жоспарлаған екен. Жол түсіп, байқауға қатысушы 18 облыстың өкілдері арасында біз де барып қайттық. МТ-20-9 тобының студенті Қонысбек Аяжан екеуіміз.
Таңғы 7.00- де Семейден шыққан 7 машина Күшікбай батыр асуында бірінші тоқтадық.Ол жер Мұхтар Омарханұлының «Қорғансыздың күні » әңгімесіндегі қасіретті оқиға өткен жер.Соған орай әңгімеден үзінді қойылды . Далаға жайылған дастарханнан дәм татып, Күшікбай бұлағының суынан ауыз тиіп, жолды әрі қарай жалғастырдық.
Келесі тоқтаған жеріміз Абай дүниеге келген Қасқабұлақ. Осы жерде педколледждің жас ақындары жауһар жырларынан шашу шашып қарсы алды. Одан әрі Мұхтардай заңғарды дұниеге әкелген Бөріліге келдік. Ақынның мұражайын тамашалып, естелік суретке түстік. Педколледждің директоры Шағангүл Жанаева қонақтарға арнайы алған тартуларын таратты. Қазақтың тарихындағы «жолсыз жаза» атанған , арманда кеткен қос мұңдық «Еңлік- Кебектің» ескерткішіне бір аялдап, студенттер сахналаған драмадан көріністі тамашаладық.
Келесі аялдама – атақты Арқат тауының етегінде назарымызға Абай мен Шүкіман қыздың алғашқы кездесуінен сыр шертетін эпопеяның үзіндісін ұсынды. Арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйдегі көлкөсір дастарханнан дәм татып, жолымызды әрі қарай жалғастырып, Абай ауданының орталығы Қарауылға келіп, ат басын тіредік. Аудандық Мәдениет Үйі қызметкерлерінің 125 жылдыққа дайындаған концертін тамашаладық.
Ақшоқы… Құнанбайдай қазақтың ардақтысы өзінің Балалары Ысқақ пен Тәкежан, бауырлары Ізғқтты мен Майбасар , соңғы алған жары Нұрғаным, Мағауия мен Әбіштей асыл немерелерімен мәңгілік тыныштық тапқан жерге келіп, аруақтарға арнап құран оқыдық. Абайдың 175 жылдыығында бой көтерген Құнанбай мұражайын аралап көрдік. Қырдығ үстіне салынған мұражай асқақтап бой көтерген екен. Құнанбайға жапсарлас қорымда Мұхтардың атасы Әуездің қабірі жай тауыпты.
Соңғы аялдама Жидебайдағы Абай- Шәкәрім мемориалдық кешені. Діттеген жерімізге жеткенімізде қас қрайып, күн салқындап кетті. Соған қарамастан студенттер сахналаған «Айман- Шолпан » драмасынан үзінді көрдік. Абай мен Оспанға, Шәкәрім мен Ахатқа ұүран бағыштаап, музейді жылдамдатып аралап өттік. «Абай жолымен » деп аталатын экскурсия кешкі сағат 22.00- де мәресіне жетіп, Семейге қайтып оралдық.
Колледж оқытушысы Алиманова С.Н.
Комментарии